Біз күнде мемлекетке салық төлейміз. Не үшін? Оны төлемесек бола ма?

Қазақстанның салық жүйесін түсіндіреміз


09/03/2021
11:28 7480 0

 


 

Жұмыс істейтін Қазақстан азаматы ай сайын кемінде 20 % салық төлеуі керек. Одан бөлек МӘМС, зейнетақы жарнасын, жері бар болса жер салығын, көлігі бар болса көлік салығын төлейді. 

 

Неге біз мемлекетке салық төлеуге тиіспіз? Ол қайда барып, қалай жұмсалады? masa.media cалық консультанты Рәбиям Серікбаевамен бірге Қазақстанның салық жүйесін қысқаша түсіндіреді. 

 

САЛЫҚ ДЕГЕН НЕ? 

 

Мемлекет бюджетіне түсетін міндетті төлемдер. Оны азаматтар мен заңды тұлғалар (компаниялар, ұйымдар) төлейді. 

 

Салықтан түскен қаражат — мембюджеттің ең маңызды бөлігі. Онсыз мемлекеттің өмір сүруі мүмкін емес. 

 

Салықты халық төлейтіндіктен ол тек азаматтар игілігіне жұмсалуы керек. Мысалы, мектеп, аурухана салуға, адамдардың құқығын қорғауға тиіс полицейлер мен мемқызметкерлердің жалақысына, азаматтардың кей санатына: көпбалалы отбасыларға, табысынан айырылғандарға, мүгедектігі барларға жәрдемақы төлеуге және тағысын-тағы.

 

НЕГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕУГЕ МІНДЕТТІМІЗ? 

 

Жаңа айтқанымыздай, мемлекет салықсыз өмір сүре алмайды. Ол — ел бюджетінің негізі. Мемлекет салықсыз қалса, халықтың басты қажетін өтей алмай қалады. Мысалы, адамдарды емдейтін ауруханасы, қорғайтын полиция мен әскері, білім беретін мектебі болмайды.  Қазақстанның 2021–2023 жылғы республикалық бюджетінің 48,2 % — халық салығы. Жалпы, осы уақыт аралығында одан 13,7 триллион теңге жұмсалмақ.

 

Табыс табатын, мүлкі, жері, көлігі бар Қазақстан азаматы мен компаниясы салық төлеуге міндетті. Бұған бағынбағандар әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылады. 

 

БІЗ ҚАНДАЙ САЛЫҚ ТӨЛЕЙМІЗ? 

 

Қазақстанда салық көптеген елдегідей тікелей және қосымша (жанама) деп бөлінеді. Азаматтар тікелей салықты ресми табысынан және мүлкі үшін төлейді. Ал қосымша салықты біз бірнәрсе сатып алғанда төлейміз. 

 

Тікелей салық: 

 

            1. корпоратив табыс салығы (мұны жұмыс берушілер төлейді);
            2. жеке табыс салығы (жұмысшылар төлейді);
            3. экспортқа рента салығы (көмір мен мұнай экспорттайтын компаниялар);
            4. жер қойнауын пайдалану салығы (жер қойнауын өндіріп, тасымалдайтын, өңдейтін компаниялар);
            5. әлеуметтік салық (жұмыс берушілер);
            6. көлік салығы (көлігі барлар);
            7. жер салығы (жері барлар);
            8. мүлік салығы (жылжымайтын мүлігі, мысалы, үйі барлар);
            9. ойын бизнесі салығы (ойын бизнесі барлар).

 

Жанама салық: 

 

            1. Қосылған құн салығы (орысша НДС). Ол тауар бағасына қосылып тұрады. Мөлшері — 12 %. 
            2. Акциз — адам және қоршаған ортаға зиян келтіретін заттарға, мысалы, темекіге салынатын салық. Мөлшері тауар бағасының жартысына дейін жетуі мүмкін. 

 

Салықтан бөлек, азаматтар төлейтін басқа міндетті төлемдер бар. Бірақ олар мемлекет қазынасына емес, арнайы қорларға түседі: 

 

            1. зейнетақы жарнасы;
            2. әлеуметтік жарна;
            3. міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жарнасы. МӘМС деген не екенін, оның аясында қалай тегін ем алуға болатынын мына жерден оқыңыз. 

 

ҚАЛАЙ САЛЫҚ ТӨЛЕЙМІЗ? 

 

Жұмыс істейтін азаматтар ай сайын жеке табыс салығын (10 %), міндетті зейнетақы (10 %) және МӘМС жарнасын (2 %) төлеуге тиіс. Бірақ мұның бәрін азаматтың өзі емес, жұмыс беруші оның жалақысынан алып төлейді.  Бұл салық жүйесі ыңғайлы болсын деп ойлап табылған. Басқа елдерде азаматтар табыс салығын өзі төлейді. Мысалы, АҚШ-та. 

 

Жұмыс беруші өз қалтасынан басқа да салықтарды, мысалы, әлеуметтік салық (9,5 %) пен төлем (3,5 %) және МӘМС жарнасын (2 %) төлеуге міндетті. 

 

Көлігі барлар көлік, мүлігі барлар мүлік, жері барлар жер салығын төлейді. Көлік салығының мөлшерін мына калькулятормен есептеп алсаңыз болады. Ал мүлік салығының көлемі мүліктің бағасына байланысты, мысалы, 2 миллион теңгеге дейінгі жылжымайтын мүлік салығы — 2 миллион х 0,05 % болады. Жер салығы әр қалада әртүрлі төленеді. Мөлшерлемесін мына жерден қараңыз

 

Бәріміз күнде бірнәрсе сатып аламыз. Сондықтан біз ҚҚС мен акциз төлейміз. Бұл салық тауар не қызметтің бағасына қосылып тұрады. 

 

САЛЫҚ ҚАЙДА БАРЫП, ҚАЛАЙ ЖҰМАСАЛАДЫ? 

 

Салығымыз шоғырландырылған не ортақ бюджетке барып түседі. Бұл бюджет екіге бөлінеді: мемлекеттік бюджет және Ұлттық қор. 

 

Мемлекеттік бюджет: 

 

            • Республика бюджеті;
            • Жергілікті бюджет (облыс, қала, аудан, ауыл бюджеті) деп екіге бөлінеді. 

 

 

Республика бюджеті мемлекеттің ортақ қажетіне, мысалы, вакцина сатып алуға, азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы төлеуге жұмсалады. Ал жергілікті бюджеттен ақша сол жердің жергілікті проблемасын шешуге бөлінеді. Мәселен, қала көшелеріндегі қоқысты жинауға. 

 

Республика бюджетіне көбіне үлкен кәсіп орындарының корпоратив табыс салығы, ҚҚС, жер қойнауын пайдаланатын компанияларының салығы түседі. 

 

Жергілікті бюджетке жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, жер, мүлік, көлік салықтары барады. Бірақ жергілікті не республикалық бюджетке түскен салығыңыз тек сол бюджетте қалмауы мүмкін. Мысалы, 2021–2023 жылы Атырау облысының бюджетінен республика бюджетіне 213 миллиардтай теңге, ал республика бюджетінен Түркістан облысының дамуына 391 миллиардтай теңге аударылады. 

 

Ұлттық қорға тек мұнай компанияларының салығы мен жекенің қолына өткен мемлекет меншігі салығы түседі. 

 

— Ұлттық қор жинақ сандықша сияқты. Онда салық болашақ ұрпаққа жиналады. Қор ақшасының бір бөлігі мемлекет бюджетін толтыру үшін, бір бөлігі қатты қажет болып тұрғанда алынуы мүмкін, — дейді салық консультанты Рәбиям Серікбаева. 

 

Ұлттық қордың тағы бір фунциясы бар — доллар курсын ұстау. 2014 жылдан 2015 жылға дейін сол үшін қордан 32,3 миллиард доллар жұмсалды

 

САЛЫҒЫМЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛЫП ЖАТҚАНЫН ҚАЛАЙ БІЛЕМІЗ? 

 

Салық өз ақшасы болғасын азамат оны үнемі тексеріп, қайда кетіп жатқанын қадағалай алады. 

 

Парламент пен мәслихаттар алдағы үш жылда бюджетте қанша ақша болатынын бекіту үшін заң шығарады. 

 

2021–2023 жылғы республика бюджетін мына жерден, ал өз облысыңыздың бюджетін әкімдік сайтынан не интернеттен қарап алсаңыз болады. Кейде ауылыңыз, ауданыңыздың бюджеті табылмай жатады не былтырғы бюджет көрсетілуі мүмкін. Онда браузерде іздеп отырған бюджетіңіздің алдына filetype:pdf деп жазып көріңіз немесе әкімдікке хат жазып, бюджетті көрсетуін талап етсеңіз болады. Біз бұрын мемлекеттік органдарға қалай сауал жолдауға болатынын жазғанбыз. Оқи отырыңыз. 

 

Маңызды: Бюджет әрдайым үш жылға бекітіледі. Сондықтан 2021 жылдың бюджеті 2021–2023 жылдың бюджеті деп көрсетіледі. 

 

Бұл құжаттардан бюджеттегі ақшаның қайсы салық, қайсы басқа төлемдерден түскенін, неге қанша кететінін қарауға болады. 

 

Бюджетті қадағалап отыруға арналған басқа да сервистер бар:

 

  • Openbudget.kz
  • Budget.egov.kz
  • Publicbudget.kz (бұл сайттан бюджеттің жұмсалуы туралы сұрақ қойып, шағым жазсаңыз болады).
Поделиться

Нет комментариев.

09/03/2021 11:28
7480 0

Уведомление